23
шілде
2021
Тәуелсіздік шежіресі
Тәуелсіздік шежіресі: 1995 жыл - Ата заңның қайта жаңғырған жылыҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 1995 жылы Абай жылы болып жарияланды. Бұл жылы қазақ елін әлемге танытатын ұлттың дара тұлғасын ұлықтаумен ұласып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-ға Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге ұсыныс жасады, ол жаһандық беделді ұйымнан қолдау тапты. Сөйтіп 70 жылдық езгіде қалың тұманмен тұмшаланып келген Абайды жаңа қырынан тануға, оның шығармаларымен толық әрі жан-жақты сусындауға Тәуелсіздіктің арқасында қол жетті. Тәуелсіз ел өзінің ірі тұлғасын әлемге танытатын, Абаймен мақтанатын жағдайға жетті. Сол ғана емес, Абай ілімімен әлі де мәңгі сусындап өтуді мұрат етіп бекітті. Ақынның 150 жылдығын тұңғыш рет кең көлемде атап өту де соның айғағы еді. 1995 жылдың статистикалық деректеріне көз жүгіртсек, сол жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша балаларға берілетін бірыңғай ай сайынғы жәрдемақы 6 жасқа дейін 260 теңге, 6 жастан 18 жасқа дейін 270 теңге болыпты. Жалғызбасты аналарға балалары үшін берілетін көмек 6 жасқа дейін 210 теңге, 6 жастан 18 жасқа дейін 230 теңге. Ал әскери қызметкерлердің балаларына 270 теңге төленіпті. 1995 жылдың 1 қаңтарында халық шаруашылығы бойынша орташа айлық жалақы 3978 теңге, өндірістік емес салада 2387 теңге, білім беру саласында 1811 теңге, денсаулық сақтау саласында 1499 теңге, әлеуметтік қорғау саласында 1551 теңге, мәдениет және өнер саласында 1481 теңге болған екен. Елдің әлеуетін осыдан-ақ байқауға болатындай. Әйтсе де бұл жаңадан ел болып қалыптасып келе жатқан Қазақстан үшін үлкен белесті білдірсе керек. Оның үстіне елдің экономикалық, әлеуметтік жағы қиыншылықтан арылмаса да, рухани бекемделуге қоғамның өзі сұранғанын сезуге болады. Парақтасақ, 1995 жылы ел өмірінде үлкен-үлкен өзгерістер орын алған. Қайта жаңғыруға қатысты қозғалыстар туып, экономикалық қыспақ үдерістері әлі де жағадан алған тұс. Ал ішкі саяси жағдайларға келетін болсақ, дәл осы жылдың басты оқиғасы - қолданыстағы Ата Заң дүниеге келді. «Бүгінде біздің еліміз 1995 жылғы Конституция бойынша өмір сүреді. Ол қабылданғаннан кейін Қазақстан өзінің одан әрі даму жолын түпкілікті таңдап алды. Бүкілхалықтық референдумда қабылданған осы Негізгі Заң, шын мәнінде, қоғамдық келісімге айналды, сол бойынша өкімет Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналдыруды өзіне басты міндет етіп алды, ал азаматтар Конституцияны және еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға жауапкершілікті өз мойындарына қабыл етті. Осындай өзара міндеткерлік қоғам мемлекеттің одан әрі нәтижелі дамуына тиянақты негіз қалыптастырады және біздің болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік береді», - деп жазады Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында. Расында, жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Көптеген Конституциялар, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандары мұқият сараптаудан өткізілді. Расында да, Тәуелсіздік жылдарындағы жаңару реформаларының ең басты қадамы ел Конституциясының жаңғыруынан бастау алады. 1995 жыл: - 20 қаңтар - Мәскеуде ҚР Президенті Н.Назарбаев пен РФ Президенті Б.Н.Ельциннің арасында келіссөздер өтті. Келіссөздерден кейін Қазақстан - Ресей ынтымақтастығын кеңейту және тереңдету туралы декларацияға, Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан Ресей Федерациясы азаматтарының және Ресей Федерациясында тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы ҚР мен РФ арасындағы келісімге, сонымен қатар Ресейге тұрақты тұру үшін көшіп барған Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп барған Ресей Федерациясы азаматтарының азаматтық алу тәртібін жеңілдету туралы ҚР және және РФ арасындағы келісімге қол қойылды; - 27-31 қаңтар - Президент Н.Назарбаев Дауостағы (Швейцария) Дүниежүзілік экономикалық форумның жұмысына қатысты. Мемлекет басшысы жиналғандардың назарына республикадағы мұнай кен орындарын бірлесіп игеру жобаларын ұсынды. Президент республиканың табиғи ресурстарға және жоғары білікті мамандарға ие бола отырып, энергоресурстарды Батыс пен Шығысқа жөнелту мәселелерін қарастырып жатқанын атап өтті; - 8 ақпан Қытай, ядролық клубтың мүшесі бола отыра, Қазақстанға қауіпсіздік кепілін берді; -10 ақпан - Алматыда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев, Асқар Ақаев, Ислам Кәрімов Орталық Азияда біртұтас экономикалық кеңістік кұру туралы қол жеткен уағдаластық шеңберінде үш елдің бірлескен күш-жігерімен атқарылған жұмысқа талдау жасады; - 1 наурыз - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. «Бұндай ұйым ТМД елдерінің ешбірінде жоқ. Ең бір қиын күндерде шын мәніндегі халық өкілеттілігінің органы болды. Қай ұлттардың да азаматтарын саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардың жаңаруына жұмылдыратын қоғамдық ынтымақ органы - Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы шешім 1992 жылғы желтоқсанда өткен Қазақстан халықтары құрылтайында қабылданды. Ұзақ ізденістердің, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдерінің, этнологтардың, заңгерлердің, басқа да салалар мамандарының пікірлерін зерттей келе, ассамблеяға Мемлекет басшысының жанындағы консультативті-кеңесші орган дәрежесін беруге ұйғардық. Қазірдің өзінде ол өз қызметінің жемістерін бере бастады. Бұндай жемісті қызмет, Қазақстан халықтарының нақты мәселелерін шешу осынау шынайы халықтық, демократияшыл ұйымның беделін өсірді», - деп жазады Елбасы Н.Назарбаев. «Ғасырлар тоғысында» кітабында; - 3 наурыз - ҚР Президенті Н.Назарбаев Арал теңізін сақтау мәселелері бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кеңесіне қатысу үшін Түркіменстанға сапар шекті. Түркіменстанның Дашховуз қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Арал проблемалары жөніндегі кеңесі өтті. Аралды құтқарудың халықаралық қоры, мемлекеттік кеңес және атқару комитеті құрылды. Қордың Президенті болып Н.Назарбаев сайланды; - 10 сәуір - Қазақстанға ресми сапармен ГФР Президенті Р. Херцог келді. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Роман Херцог Қазақстан мен Германияның арасындағы байланыстың маңызды мәселелері жайында әңгімелесті; - 14 сәуір - Шымкентте Орталық Азиядағы үш мемлекет - Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан басшыларының жұмыс барысындағы кездесуі болды; - 29 сәуір - ҚР Президенті Н.Назарбаевтың құзырет мерзімін ұзарту бойынша республикалық референдум өтті. Орталық комиссия шығарған 1995 жылғы 29 сәуірдегі Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы референдумның дауыс берудің қорытындысы мынадай болды: референдумға қатысу үшін тізімге енгізілген 9 110 156 азаматтың дауыс беруге қатысқаны - 8 309 637 адам, немесе 91,21%. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың 7 932 834-і өкілеттікті ұзартуды жақтады, олар - жалпы дауыс бергендердің 95,46 пайызы. «Әрбір саясаткер үшін оның өмірінің «шырқау сәті» болады. Мен үшін ол сәуірдің жиырма тоғызы күні. Мен өзінің байсалды таңдауы арқылы біздің ортақ Отанымызға таяудағы бес жылдың ішінде тұрақтылық пен жасампаздыққа мүмкіндік туғызған миллиондаған қазақстандықтарға өзімнің шынайы алғысымды білдіргім келеді. Олар қажетсіз дүрбелең мен ауыр қиындықтарға батыл тойтарыс берді. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін үлкен сыйлық және де Мемлекет басшысы үшін одан жоғары ештеңе де жоқ. Әсіресе, белгілі себептер бойынша Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге ТМД-ның басқа да елдерін қамтыған дағдарыстың біз өткізіп отырған қиын кезеңде мені қолдағандарыңыз өте маңызды. Халық даналығына сай сіздер өткінші, бірсәттік және уақытша олқылықтардан туындайтын себептерден биік бола білдіңіздер.Мен үшін, Қазақстан Республикасының алғашқы және бүкіл халық болып сайлаған Президенті үшін мемлекеттің тәуелсіздігі жай сылдыр сөз емес, қайта нақты әрі тарихи жеңіс болып табылады. Еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығына кез келген көз аларту мен қол сұғуға батыл түрде тойтарыс берілетін болады», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бүкілхалықтық референдумнан кейінгі сөйлеген сөзінде; - 15-18 мамыр ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Корея Республикасына сапары болды. Сапар барысында Корея Республикасының Президенті Ким Ен Саммен және елдің іскерлік өкілдерімен кездесті; - 6 маусым - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парижге сапармен барды. Онда ол Франция Президенті Жак Ширакпен кездесті. Мемлекет басшылары кейбір салалардағы екіжақты ынтымақтастықты бұдан әрі дамыту жайттарын талқылады; - 12 маусым - ҚР Президенті Н. Назарбаев Алматыда Түркия Республикасының Президенті С.Демирелді қабылдады. Маусымның 14 күні Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Демирел Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесін калпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұдан кейін олар Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Өз кезегінде С.Демирель осы жоғары оқу орнында тек Қазақстан мен Түркияның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерінің, басқа да түркі тілдес елдердің жастары да оқитынын атап өтті. Сондай-ақ, ол университет кұрылысына 65 млн. доллар қажет болатынын, бірінші кезекті тұрғызуға қазірдің өзінде 10 млн. доллар бөлінгенін хабарлады; - 22-26 маусым - ҚР Президенті Н. Назарбаев Индонезияға ресми сапармен барды. Онда Индонезия Президенті Сухартомен келіссөз өткізді; - 3 шілдеде Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты; - 9 тамыз ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ф. Майорды қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастық туралы әңгіме қозғалды. Кездесу соңында Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды; - 9 тамыз - Алматыдағы Республика сарайында Абайдың 150 жылдығына орай салтанатты мәжіліс өтті. «Бүгін - ұлы мереке. Халқымыз ең аяулы перзенті мен ең дана ұстазына мәңгі өшпес махаббатын білдіруге жиналып отыр. Оның дүниеге келгеніне әр он жыл толған сайын осылай бас қосып, өткеніміз бен кеткенімізді, жеткеніміз бен жетпегенімізді бір сарапқа салып алу әлдеқашан әдетімізге айналған. Соның әрқайсысында Абайдың аты жаңаша асқақтап, халқымыздың мәртебе-мерейі жаңа биікке көтерілумен келеді. Бір кезде абзал ақынымыздың асыл мұрасының таптық идеология табанында тапталып қалмай, жаңа ұрпақтармен бірге жасайтын мәңгілік құбылысқа айналғанына қуандық. Сосын оның қадір-қасиетінің өз аумағымызбен шектеліп қалмай, іргелес халықтар мен елдерге де кеңінен танымал бола бастағанына масаттанып, марқайдық. Ал бұл жолғы сүйінішіміздің жөні тіпті бөлек. Ол үшін бір-бірімізді қуана құттықтап, бір-бірімізден шүйліге шүйінші сұрасақ та ешқандай ерсілігі болмас еді. Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөздері шын мәнінде ұлт болып ұюымыздың негізгі шарты. Өз халқымыздың мүддесі үшін күресте достық, татулық, бірлік керек пе? Керек. Ендеше, Абай сөзін тереңірек ұғынып, онымен өзгелерді ұялтуға емес, өзімізді өзіміз ұялтуға тырысайық», - деді ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев салтанатты мәжілісте жасаған баяндамасында; -18 тамыз - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы елшілігін ашу туралы жарлыққа қол қойды. - 30 тамыз Республикалық референдум арқылы елдің Негізгі Заңы - Конституциясы қабылданды. Референдум арқылы дауыс беруге 8 миллионнан астам азамат қатысып, жаңа Конституцияны жақтап 7 млн. 210 мың адам (89,1 пайыз) дауыс берді. Конституцияның жаңа жобасын талқылауға 3 миллион 345 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 31 886 ұсыныстар мен ескертулер жасады, соның нәтижесінде жобаның, 98 бабының 55-іне 1100 түзетулер мен қосымшалар енгізілді, сол сияқты Конституцияға жаңа тарау мен бірқатар жаңа баптар қосылды. Жалпы алғанда Конституция мәтінінің 18 нұсқасы дайындалған; 11-13 қыркүйек - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қытайға ресми сапар шекті. Сапар барысында ҚХР Төрағасы Цзянь Цзэминьмен және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Пэнмен кездесті; - 20 қазан ҚР Президенті Н.Назарбаев АҚШ-қа сапармен барды; - 22 қазан - ҚР Президенті Н.Назарбаев Португалияда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 50-сессиясында баяндама жасады. Онда Президент әлемдік қауымдастыққа жалпы ауқымдық және қауіпсіздік жүйелерінің өзара ықпалдастығын арттыруға байланысты нақты ұсыныстарын жасады; - 28 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Палестинаға ресми сапары болды. Н.Ә.Назарбаевтың Палестина басшысы Я.Арафатпен кездесуі барысында екіжақты қатынас мәселелері мен аймақтық және халықаралық өзекті мәселелер талқыланды; - 14 қараша - Мәскеуде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев РФ Президенті Б.Ельцинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекет басшылары екі жақты қарым-қатынас және ТМД-дағы интеграциялық процестер мәселелерін талқылады; - 15 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Францияға сапармен барды. Онда Мемлекет басшысы Франция Президенті Ж.Ширакпен және ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ф.Майормен кездесті; - 4 желтоқсан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Швейцария конфедерациясындағы Елшілігін ашу туралы» және «Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Өкілдігін ашу туралы» жарлықтары шықты; - 12 желтоқсан - Конакриде (Гвинея) өткен ИКҰ мүше елдер сыртқы істер министрлерінің конференциясында Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына кірді; - 26-28 желтоқсан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Израиль мен Палестина мемлекеттеріне ресми сапары болды. Президент Израиль Президенті Э.Вейцманмен, Кнессет төрағасы Ш.Вайспен, Премьер-министрі Ш.Переспен, Сыртқы істер министрі Э.Баракпен кездесіп, Қазақстан - Израиль арасындағы өзара қатынастардың негіздері туралы Декларацияға қол қойылды. Бұдан кейін Президент Н.Назарбаев Палестина елінің басшысы, Ясир Арафаттың шақыруы бойынша осы елде болды. Олардың арасындағы келіссөзде екіжақты қатынастар мәселелері, өзара мүдделі болып отырған аймақтық және халықаралық проблемалар қозғалды. Я.Арафат Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерінде де, сондай-ақ ТМД шеңберінде де интеграцияның жоғары деңгейіне қол жеткізу жөніндегі күш-жігеріне және Н.Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары бойынша кеңес шақыру туралы бастамасына қолдау білдірді.