21
шілде
2021
Тәуелсіздік шежіресі
Тәуелсіздік шежіресі: 1993 жыл - Төл теңгенің тұғырға мінген жылы 2016 жылғы 14 қазан 10:01Бөлісіңіз: АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік шежіресіндегі 1993 жылдың алатын орны да ерекше. Өйткені тәуелсіз ел боламын деп жаһанға жар салғаннан гөрі, тәуелсіз ел ретінде өмір сүре алатыныңды дәлелдеу үшін де осы бастапқы жылдары тынбастан еңбек етіп, жұртқа игі болар әр бір істен аянып қалмау керек болды. Кешегі күні тек орталықтың айтқанымен жүріп, соның дегені ғана болатын заманнан кетіп, тізгінді қолға алған қазақ елі үшін нағыз қиын кезең туып, тұралатқан шақ осы жылдар болатын. Халық басындағы әлеуметтік қиыншылықтар еселеніп, экономика құлдырады. Инфляция мың есеге дейін шарықтап, ақша құнының шегі білінбеді. Жұрт «жоқшылық заман келді ме» деп үрейленді. Расында да, тәуелсіздігінің ақиқатын жаңа сезіне бастаған Қазақстанның экономикасына аса ауыр болған кез 1993 жыл басталған еді. Бұл туралы естелігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Егерде Ресейден келетін қолма-қол қаржыны бөлу 1992 жылы рубль аймағына кірген республикалар арасында азды-көпті тепе-тең жағдайда іске асырылса, ал 1993 жылы Ресейдегі экономикалық блокқа жауапты тұлғалар, Қазақстандағы әлеуметтік-саяси жағдайға тікелей немесе жанама түрде ықпал жасай отырып, өз міндеттерін басымдылық жағдайында шешіп, Қазақстанға бөлінетін қолма-қол ақшаны ұстап қалуды шығарды», - деп еске алады. Бұндай астарлы саясаттың діттегені не еді? 1993 жылдың көктеміне қарай Қазақстан Ресейден мүлдем ақша алуды тоқтатты. Ал 1993 жылдың мамырында Ресей Үкіметі ТМД елдеріне техникалық несие беруді бүтіндей тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын. Осының өзі елдің тәуелсіздігіне үлкен соққы болатыны айқын еді. Бұл 1993 жылғы елдің ішкі ахуалы. Алайда ол заман да артта қалды. 1993 жыл : - 4 қаңтар - Ташкентте Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесуі барысында, Қазақстан Республикасының Президентінің ұсынысымен тараптар «Аралды қорғау» халықаралық қорын құру туралы шешім қабылдады; - 9 қаңтар - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы уәкілетті өкілдігін (елшілік) ашу туралы, Қазақстан Республикасының Федеративті Германия Республикасындағы, Француз Республикасындағы, Иран Ислам Республикасындағы, сонымен қатар Әзербайжан Республикасындағы, Армения Республикасындағы, Беларусь Республикасындағы, Грузия Республикасындағы, Қырғызстан Республикасындағы, Түркіменстандағы, Өзбекстан Республикасындағы, Украинадағы елшіліктерін ашу туралы жарлықтарға қол қойды; - 13 қаңтар - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Заң қабылданды; - 22 қаңтар - ҚР Президенті Жарлығымен Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы республикалық жоғары дәрежелі ғылыми мекеме - Ұлттық Ғылым академиясы болып қайта құрылды; -28 қаңтар - Егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Тұңғыш Ата Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды. «Жаңа ғана шынында да тарихи оқиға болып өтті - Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Барлық қазақстандықтарды республика үшін шын мәнінде ерекше оқиғамен құттықтаймын. Мұның өзі мемлекеттіліктің қалыптасуы, ұлттық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің сапалы жаңа кезеңіне өту, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдігі, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудың перспективалы ойларын нақты жүзеге асыру үшін құқықтық негіз жасаудың іргетасын қалады. Халық депутаттарына, құқық саласындағы мамандарға, шетелдік достарға, қазақстандықтарға, республиканың жаңа Конституциясын жасауға қатысқандардың барлығына ризашылық пен алғыс білдіремін», - деп сөз сөйледі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Конституциясының қабылдануына арналған салтанатты мәжілісте; - 29-31 қаңтар - ҚР Президенті Н.Назарбаев Швейцарияның Дауос қаласында өткен Әлемдік экономикалық форумның жұмысына қатысты; - 25 ақпанда Президент Жарлығымен Т.О.Әубәкіров Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры болып тағайындалды; - 26 ақпанда республика аймағының тұтастығын, біркелкілігін, өзгешелігін дәлелдейтін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңы өз күшіне енді. Қазақстан - әлемде жер аумағы жағынан 9-орынды иеленетін ірі мемлекет. Еліміздегі шекара ұзындығы шамамен 14 мың шақырым; - 26 ақпан - ҚР Президенті Н.Назарбаев Ресей Федерациясына ресми сапар шекті. Сапар барысында саяси, экономикалық және әскери мәселелер бойынша Ресей Президенті Б.Ельцинмен, Ресей Үкіметі басшысы В.Черномырдинмен келіссөздер жүргізді; - 25 наурыз - Қазақстан Республикасы Еуропалық Даму және Қайта кұру Банкіне мүшелікке кірді; - 14 сәуір - Президент Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Венгрия Республикасындағы, Бельгия Корольдігіндегі, Египет Араб Республикасындағы елшіліктерін ашу туралы Жарлықтарға қол қойды; - 18-20 мамыр - Президент Н.Назарбаев Түркіменстанға ресми сапармен барды. Сапар барысында Н.Назарбаев пен С.Ниязов өзара тиімді негізде жаңа экономикалық қатынастар құру ниеттерін білдірді. Ел басшылары Каспий теңізінің экологиясы мен биоресурстарын сақтау мақсатында Каспиймен шекаралас елдермен ыңтымақтастықты жандандыру ұсыныстарын атап өтті. «Қазір ТМД-ны күлкіге айналдыруда, бүкіл Еуропа бірігіп, шекаралық кедергілерді алып жатса, біз болсақ керісінше ұлттық пәтерлерімізге тығылып, шекараларды жауып, сол арқылы өз өмірімізді нашарлатып отырмыз. Мен сондықтан да, барлық мемлекеттердің ұлттық егемендігін, барлық қарым-қатынастардағы дербестікті, бірақ бұл ретте экономикалық жағынан бірігуді, бір-біріне көмек көрсетуді қашан да жақтап келемін. Егемен мемлекеттердің Экономикалық одағы сөзсіз қажет. Қоғамдағы татулық пен тыныштық тек қана өзара тиімді сауда, тығыз әрі тең құқықты ынтымақтастық жағдайында ғана мүмкін болмақ», - деді ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Түркіменстанға ресми сапары кезінде сөйлеген сөзінде. -26 мамыр - Елбасы Өзбекстанға сапар жасады. Н.Назарбаев және И.Кәрімов арасында экономика мен мәдени салаларда ыңтымақтастық мәселелері талқыланды; - 28 мамыр - Киелі Ордабасы жерінде үлкен жиын өтті. Жүз елу мыңға тарта адам жиналған ұлы тойға Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары қатысты. «Ардақты ағайын! Қадірлі меймандар! Бүгін біздің бәрімізді осынау қасиетті биіктіктің басына бір ой, бір тілек, бір мақсат жетелеп әкеліп отыр... Жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды. Тағдыр жақындығы мүдде жақындығын туғызады. Мүдде жақындығы жоқ жерде жер жақындығы мен шекараластықтың да бақастық пен дүрдараздықты өрбіткеннен басқа бітірері шамалы. Адам мен адамды, халық пен халықты, мемлекет пен мемлекетті жалғастырар ең берік дәнекер - мүдде жақындығы. Бүгінде Орталық Азияда қоян-қолтық жатқан бауырлас елдердің мүддесі біреу. Ғасырлап күтіп, әзер қолы жеткен азаттықтан айырылып қалмау. Ол үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтай білу. ...Тарихта біздің елдеріміздің арасына от жағып, сырттан қақтығыстыру әрекетін жасағандар аз болған жоқ. Дегенмен бірге болған кезде қандай жаудан да басым түсіп жаттық. Дәл қазіргі кезеңде де біздің халықтарымыздың бірлігі егемендігімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін өте қажет деп санаймын», - деді Елбасы сол жиында сөйлеген сөзінде. - 1 маусым Президент Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен келген Грузия Президенті Э.Шеварднадзені қабылдады; - 5-7 маусым - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Ыстамбұлда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) қатысушы-мемлекеттер басшыларының екінші кездесуіне қатысты: «Біз Ыстамбұлға аса жауапты міндетпен, өз халықтарымыздың мүддесіне сай экономикалық прогреске қарай бірлесе ілгерілеу міндетіне кірісу мақсатымен бас қосып отырмыз. Қазақстан да бұл кездесуге зор мән беріп отыр. Экономикалық ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдер потенциалының аса жоғары екенін ескере отырып, осы ұйым шеңберіндегі ынтымақтастық перспективасы аса зор деп санауға болады. «Солтүстік - Оңтүстік» және «Шығыс - Батыс» бағыттарында көлік және коммуникация тасқынын ұлғайту перспективалы іс деп санаймын. Каспий теңізі арқылы Иранға шығу, автокөлікпен Иран арқылы Түркияға және басқа мемлекеттерге жүк жеткізу, оңтүстік Каспийдегі Иран порттарын Экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдерінің мүддесі үшін пайдалану проблемасын шешуді ұсынамын». (ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ыстамбұлда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының екінші кездесуінде сөйлеген сөзінен) - 20-23 шілде - ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Тайланд Корольдігіне ресми сапары болды. Н.Назарбаев Тайланд Корольдігінің Премьер-министрі Чуан Ликпаямен және Тайланд королі Пумипон Адульядетпен (Рама ІХ) кездесті; -16-17 қыркүйек - Алматыға ресми сапармен Франция Президенті Франсуа Миттеран келді. Келіссөз барысында Н.Назарбаев және Ф.Миттеран саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми және басқа да салаларда екіжақты ыңтымақтастықты бұдан әрі дамыту ниеттерін білдірді; - 23-24 қыркүйек - Мәскеуде ТМД елдерінің Экономикалық одағы деген келісімге қол қойылды; - 18-21 қазан - ҚР Президенті Н.Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Сапар барысында ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминьмен кездесті. Келіссөздердің нәтижесі - ҚР және ҚХР арасындағы достық қарым-қатынас негіздері туралы Бірлескен Декларацияға, әуе қатынастары туралы, тұрғындарға визаларды рәсімдеу тәртіптері туралы, халықаралық автокөлік қатынастары туралы, қызмет бабымен азаматтардың сапарлары туралы келісімдерге қол қойылды; -21-22 қазан - ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Монғолияға ресми сапары болды. Келіссөз барысында Н.Назарбаев монғолдық әріптесі Пунсалмагийн Очирбатпен кездесті; - 24 қазан - ҚР Президенті Н.Назарбаев ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристоферді қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынас және бірқатар халықаралық мәселелерге тоқталды; - 12 қараша - ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты; - 15 қараша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңге енгізілді. «1993 жылы 15 қарашада 08.00 сағаттан бастап Қазақстанның территориясында өзінің ұлттық валютасы - теңге енгізілді. Мынадай бағам қойылды: 500 рубльге 1 теңге. Осы кезге дейін жаңа валютаның банкноттары мен тиындары республиканың барлық облыстары мен аудандарына тасып жеткізілген болатын. Кеңестік ақша реформаларының тәжірибесіне сүйене отырып, комиссия ақша айырбасты тек қана екінші деңгейдегі банктердің бөлімдерінде ғана жүргізілмеуі керек, бұл жұмысқа пошта бөлімдері және сол сияқты қызметшілері көп кәсіпорындар да қосылуы тиіс деп шешті. Теңге айырбастаудың бірінші күнінен бастап заңды төлемақы құралына айналатындығы, ал айырбастау кезеңіндегі бес күннің ішінде рубльді заңды төлемақы құралы ретінде толық пайдалануға болатыны жарияланды. Сонымен бірге біз бұл күні рубльдің айналымға көптеп шығарылуының және тауарларды жаппай сатып алудың алдын алатын шараларды қабылдауға тырыстық. Ұлттық валютаны төрт қайнар көзден: Ұлттық банктің алтын валюта резервінен, Республикалық валюта қорынан, Ішкі тұрақтандыру қорынан (егер оны халықаралық ұйымдар беретін болса) және төлем балансының тиімді сальдосынан қамтамасыз етуді және ойластырдық. Одан кейінгі басты міндет - экспорт көлемін кеңейту және экспорттан келетін валюталық ақшаның түсуіне тәртіп орнату болды. Ұлттық валютаны орнықтырудың алғашқы жылдарында шетел валютасының сұранымына ішкі көздердің біршама тапшылығы байқалды. Валюталық қаржының елден кетуі валюталық бағамның тұрақтылығына қауіп туғызды. Бұл үшін капиталдың резиденттерден резидент еместердің пайдасына өтуін қарастыратын валюталық операциялар, теңге енгізілген күннен бастап лицензиялануы тиіс болды, ал бұған дейін ағылып келген капитал тек статистикалық есеп үшін ғана тіркелетін. Ұлттық валютаны енгізу принципті түрде жаңа міндеттерді туғызды. Теңгенің төлемдік қызметін күшейтті, ұлттық валютаға деген сенімді арттыру негізгі міндеттердің біріне айналды. Осы бағытта мына шаралар іске асырылды: экспорттық және импорттық төлемдерді, баж салықтарын теңгеге ауыстыру, бөлшек сауданы шетел валютасы есебінен жүргізуге тыйым салу, Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын заңды тұлғалардың баспа-бас айырбас операцияларын жасауға тыйым салу. Осының бәрі ахуалды тұрақтандыруға және біздің ұлттық валютамыз - «теңгені» аяғынан тұрғызуға мүмкіндік берді.» (Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы» ктабынан.) - 13 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатты; - 21 желтоқсан - ҚР Президенті Жарлығымен «Алтын Жұлдыз» белгісі, Халық каһарманы атағы, ордендер мен медальдар және басқа да республикалық мемлекеттік наградалар бекітілді.