15
мамыр
2025
ҰБТ-2025 басталды. 2025 жылы қандай өзгеріс бар?
Ел бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі сынағы басталды. Тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады.
Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін де бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгіледі.
216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мыңға жуық өтініш берген. Оның ішінде тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ға жуығы орыс тілінде, 266 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірген.
Жалпы ҰБТ 46 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған. Бірнеше жыл қатарынан ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика» болып қалып отыр – оны түлектердің 16,5%-ы таңдады. Бұл талапкерлердің инженерлер, мұғалімдер, энергетиктер, құрылысшылар және басқа да техникалық мамандықтарға деген ұмтылысын көрсетеді. Танымалдығы бойынша келесі комбинациялар: болашақ медиктерге бағытталған «Биология-Химия» (15,6%) және IT саласына қызығушылық танытатын талапкерлерді тартатын «Математика-Информатика» (9,7%)», – деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.