Тәуелсіздік шежіресі » №31 мектеп
Коммунальное государственное учреждение
«Общеобразовательная школа №31»
Управления образования города Алматы
Қабылдау бөлімі:
+7(7272) 57-08-68
Бухгалтерия
+7(7272) 57-08-69
Версия для
слабовидящих
» » Тәуелсіздік шежіресі
26
июль
2021

Тәуелсіздік шежіресі

ҚазИнформация - 1996 жыл - Тәуелсіздіктің бесінші жылы. Жаһанның картасынан күні кеше ғана орын алған жаңа мемлекет осы жыл ішінде не тындыра алатын еді? Шындығында Қазақстанның алғашқы бес жылдығында тәуелсіз елдерге қойылатын талаптардың барлығы жүзеге асты. Әлем мемлекеттері Қазақстанды таныды. Халықаралық ықпалдастық артып, дипломатиялық қатынастар орнықты. Бесжылдықтағы ең басты жетістігіміз не еді? Бұл - бейбітшілік пен тұрақтылық. Рас, күні бүгінге дейін бүткіл әлемнің әрбір елі үшін ең басты, маңызды дүние бейбітшілік пен тұрақтылық болып отырғанын ескерсек, егемендікке қолы жаңа жеткен Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл мәселе күн тәртібінен еш түскен емес. Өйткені сол кездің өзінде көпұлтты Қазақстанның болашағына бал ашқандардың бәрі қандай да бір берекесіздіктің болатынын әбден сенімділікпен болжайтын. Алғашқы жылдан бастап сыртқы күштердің арандатушылары тарапынан «Тәуелсіздік қазаққа қол емес» дегенге саятын сараптары сандыраққа айналды. Қазақстан қаншама ауырлықтарды басынан өткергеніне қарамастан, бірлік пен татулықтың ордасына айналды. Ендеше бес жылдың белесіндегі ең басты жетістік те Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылық болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында‑ақ сапалы қаланған осы ұстаным әлі күнге дейін еліміздің жетістігіне ғана емес, халықаралық қауымдастық қызыға қарайтын үлгілі жолға айналды. Сонымен, 1996 жылға қайта оралсақ, бұл жыл да мемлекеттігіміз үшін ауыз толтырып айтарлықтай оқиғаларға толы болды. Жаңғырған Конституцияның арқасында жаңа тұрпаттағы мемлекеттік құрылым жасақталып, қираған одақтан «мұраға» қалған қалың проблемалардан тазару жұмыстары жалғаса түсті. Өркениеттік дамуға сай қос палаталы кәсіби Парламент өз жұмысын бастап, биліктің басқа тармақтарымен ынтымақтасқан заң шығарушы билік қоғам үшін сапалы құжаттарды қабылдауға кірісті. Осы кездері қабылданған өміршең заңдардың өзі мемлекеттің саяси-экономикалық жаңаруына үлкен сеп болды. Бір сөзбен айтқанда, елдің тәуелсіз дамуындағы 1996 жылдың еншісіндегі жетістіктің өзі бір төбе. Тәуелсіздіктің бесінші жылындағы статистикалық мәліметтерге көз жүгірте отырып, бұл жылы да еліміздегі ішкі жағдайдың, әсіресе әлеуметтік қамтудың онша жақсара қоймағанын байқаймыз. Жалақы айлар бойы берілмеді, күнкөрістің төмендеп, Кеңес одағында сұмдық болып көрінетін жұмыссыздық мәселесі шынымен жағадан алды. Өтпелі кезең халықты қажыта түсті. Әйтсе де, бұқара келешектен күдерін үзбеді. Экономиканың тығырықтан шығып, қолға алынған реформалардың нәтижесіне үміттене қарай бастады. Статистика мыналарды көрсетті: 1996 жылғы январьдың 1-інен бастап ІІ разрядты мектеп мұғалімінің тарифтік ставкасы - 2255 теңге, мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі тәрбиешісінің ставкасы - 2101 теңге, ІІ санаттағы дәрігердің ставкасы - 2420 теңге, санатсыз медбикенің ставкасы - 1573 теңге болыпты. 1996 жылы елімізде 12 мың шағын кәсіпорын, 18,7 мың жекеменшік кәсіпорын, 2 мыңнан астам коопертивтер жұмыс істеген екен. Ал осы жылдың 1 февральында Зейнетақы қорының зейнеткерлерге қарызы 4,7 млрд. теңгені құраған. Республикада кәсіпорындар мен ұйымдардың 70 пайызы жалақы төлеуді кешіктіруінің салдарынан жалақы жөніндегі жалпы қарыз 31,5 млрд. теңгеге жеткен. 1996 жылдың 1 январьындағы жағдай бойынша республика емдеу мекемелерінде тіркелген туберкулезбен ауыратын адамдардың саны 45 мыңға жеткен. Сондай-ақ, бұл кезде ірі қара малдың туберкулезбен ауруы 4,4 пайызды құрады. Республикада жалпы білім беретін 8368 мектеп жұмыс істесе, оның 3328-і қазақ тілінде, 2484-і орыс тілінде сабақ жүргізді. 92 мектепте сабақ неміс, ұйғыр, корей және басқа тілдерде өткізілді. Осы жылы елімізде 66 жоғары оқу орны жұмыс істесе, мұндағы студенттердің тек 20 пайызы ғана қазақ тілінде оқытылды. Сонымен қатар, республикада басылатын 1227 газет-журналдың 275-і қазақ тілінде, 497-сі орыс тілінде, 412-сі екі тілде жарық көрген. Ал 200-ден астам телерадио ұйымдарының тек бесеуінде ғана қазақ тілінде хабарлар дайындалыпты. Дәл осы 1996 жыл туралы жазушы-публицист, мемлекет қайраткері марқұм Камал Смайылов ағамыз «Тәуелсіздік толғауы» атты баспасөзде жарияланған естелігінде былай деп жазады: «1996 жылы Тәуелсіздігіміздің бес жылдығын алғаш рет салтанатпен атап өткенбіз. Жүріп өткен жолымызды қорытындылап, қуаныштар мен қиындықтарды сараптап, тағы да бір шолу, талдау жасап шыққанбыз. Сонда тәуелсіздіктің бес жылдығына арналып Алматыда өткен салтанатты жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының, оның басшылары мен батырларының ғасырлар бойы армандаған мақсатын айта келіп, былай деді: «ХVІІ ғасырда қазақ сахарасында жасындай жарқылдаған Абылай армандап өткен, мұңды шерге толы ХІХ ғасырда Кенесары қарумен күрескен, жаппай қырып-жоюға қарсы бас көтерген Бөкейхан межелеп кеткен асыл мұраттар өлген жоқ, соның бәрі 1991 жылы 16 декабрьда жүзеге асты. Осы бес жылда біз толыққанды тәуелсіз мемлекеттің бар нышандарына ие бола алдық». Бұл - тәуелсіздіктің алғашқы тойы еді. Бұл бес жылда әлем қауымдастығындағы жаңа мүше - тәуелсіз Қазақстан әлемге белгілі, танымал болып үлгерді. Қазақстанды 117 мемлекет таныды, 105 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 26 ел бізде өздерінің елшіліктерін ашса, қырық елде біздің елшіліктеріміз бен өкілдіктеріміз жұмыс істей бастады. Осы уақытта шетелдермен, халықаралық ұйымдармен сегіз жүзден астам келісімшарттарға қол қойылды...». 1996 жылдың тәуелсіз елдегі ішкі дүние осылай болса, халықаралық аренада Қазақстанға қатысы бар шаралар да бірінен соң бірі тізіліп өтіп жатты. Осы жылы Қазақстанның да араласуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының іргесі қаланды. Осынау ұйымның құрылуына сол кезде біраз жұрт күмәнмен қарағанымен, ШЫҰ өзінің шынайылығын, қажеттілігін танытты. Ұйымның өңірдегі ғана емес, әлемдегі беделі де айтарлықтай беделі жоғары. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің бесінші жылы Мемлекет басшысының шетелдерге сапары жалғасып, халықаралық ықпалдастықтың алғашқы баспалдақтары қалана бастады. Экономикалық ынтымақтастықтар негізінде Президент Үндістан, АҚШ, Малайзия, Сингапур, Австралия елдеріне сапар жасап, олардың бәрі де дерлік сәтті өтті. Оның жемісі де кейінгі жылдары біліне бастады. 1996 жыл: ‑ 17-18 қантар ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Беларусь Республикасына ресми сапар жасады; ‑ 19 февраль ‑ ҚР Сыртқы істер министрінің бұйрығымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің алқасы құрылды. ҚР СІМ Алқасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы кеңестік орган болып табылады; ‑ 21 февраль ‑ Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Е.Примаков Қазақстанға сапармен келді. Ол ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевпен және Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевпен кездесті. Әңгіме барысында олар екіжақты ынтымақтастық, ТМД шеңберіндегі интеграциялық процестерді және бірқатар халықаралық мәселелерді талқылады; ‑ 26 апрель ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР, Ресей және Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери салаларда сенімділікті нығайту туралы келісімге (Шанхайлық келісім) қол қойды. Қазақ­стан үшін бұл құжаттың маңызы аса жоғары болатын. Осы жылдан бастап өзара сенім және ынтымақтастық принципінде Қазақстанның Қытаймен өзара қарым-қатынастарының жаңа кезеңі басталды; ‑ 27 апрель ‑ Алматыда Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының президенттері Каспий бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатта Каспийдегі мұнай-газ кен орындарын игеру құқығы Қазақстанға берілген, ал Ресей бұл салада барынша жәрдемдеседі деп белгіленген; ‑ 11 май ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды. Президенттер Каспий теңізі бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады; ‑ 25 май ‑ Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа, сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қойды; ‑ 25-29 май ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Малайзия мен Сингапур мемлекеттеріне ресми сапар шекті. Президент Н.Ә.Назарбаев Малайзияның Жоғарғы басқарушысы Туанку Джафар Абдул Рахманмен және елдің Премьер-министрі Махатхир Мохамадпен кездесті. Екіжақты кездесу барысында Қазақстан мен Малайзия арасындағы экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық туралы, инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы, сауда келісімі туралы құжаттарға қол қойылды; ‑ 27 май ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Сингапур мемлекетіне барды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сингапурдың аға министрі Ли Куан Юмен және Премьер-министр Гох Чон Тонгпен кездесті; ‑13-15 июнь‑ ҚР басшылығының шақыруы бойынша Ислам Даму Банкінің (ИДБ) президенті Ахмед Мухамед Али бастаған ИДБ-нің делегациясы ресми сапармен келді; ‑ 24 июнь ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Галимен кездесті; ‑ 4-6 июль ‑ ҚХР Төрағасы Цзян Цзэмин Қазақстанға алғашқы рет ресми сапармен келді. Ел басшылары бірлескен декларация қабылдады. Президенттер екіжақты ынтымақтастықты нығайту ниетін білдірді; ‑ 6 июль ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматыға жұмыс сапарымен келген Қырғызстан Президенті А.Ақаевпен, Өзбекстан Президенті И.Кәрімовпен кездесті; ‑ 18-20 июль ‑ Қазақстанға Малайзияның Премьер-министрі Махатхир Мохамадтың ресми сапары болды; ‑ 23 август ‑ Алматыда Орталық Азия Одағына қатысушы мемлекеттер басшыларының кездесуі болды. Кездесу барысында 1996-1998 жылдарға арналған Біртұтас экономикалық кеңістік құру бойынша іс-шара бағдарламасы бекітілді, қатысушы мемлекеттер шекаралық аумақтарында арнайы экономикалық аймақ құру туралы шешім қабылдады; ‑ 10 сентябрь ‑ ҚР Үкіметі қаулысымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жоғарғы дипломатиялық мектебі (Диломатиялық Академия) құрылды; ‑ 16-17 сентябрь ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Әзербайжан Республикасына алғашқы рет ресми сапар шекті. Оның барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды; ‑ 17 сентябрь ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Грузияға ресми сапармен барды. Келіссөздер барысында 13 құжатқа қол қойылды; ‑ 30 сентябрь ‑ Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қосылды; ‑ 21 октябрь ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев түркі тілдес мемлекет басшыларының кездесуіне қатысу үшін Ташкентке сапармен барды; ‑ 28-30 октябрь ‑ Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Сардар Фарук Ахмед Хан Легаридің Қазақстанға алғашқы сапары өтті; ‑ 8 ноябрь ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматыға келген Жоғары мәртебелі Уэльс Ханзадасы Чарльзді қабылдады; ‑ 11-12 ноябрь ‑ Түркіменстанда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі жағалаудағы бес мемлекеттің Сыртқы істер министрлерінің бірінші кеңесі өтті; ‑ 3 декабрь ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Лиссабонда өткен ЕҚЫҰ-ның саммитіне қатысып, саммиттің алғашқы күнгі жұмысына төрағалық етті; ‑ 9-11 декабрь ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен Үндістанға барды. Сапар барысында ол Үндістан Президенті Ш.Д.Шармамен, Вице-президенті К.Р.Нарайананмен Премьер-министр Х.Д.Деве Говдамен және Сыртқы істер министрі И.К.Гуджаралмен кездесті. Кездесу соңынан екіжақты бірқатар құжаттарға қол қойылды; ‑ 12-14 декабрь ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Австралияға алғашқы ресми сапары басталды. Сапар барысында Австралияның Генерал-губернаторы У.Хэйденмен және Премьер-министрі Дж.Хауардпен кездесті; ‑ 16 декабрьда ‑ Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. Монумент авторлары: сәулетшісі Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі, мүсіншілер: Н.Далбай, Ә.Жұмабав, сәулетшілер Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев т.б).

Похожие публикации:

12 сентябрь 2020 Құттықтаймыз