Тәуелсіздік шежіресі » №31 мектеп
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№31 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7(7272) 57-08-68
Есепші бөлімі:
+7(7272) 57-08-69
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Тәуелсіздік шежіресі
13
тамыз
2021

Тәуелсіздік шежіресі

Тәуелсіздік шежіресі: 2002 жыл - Қазақстан әлемде нарықтық экономикалық ел ретінде мойындалды ҚазАқпарат - Ұлттың саулығы - мемлекеттің байлығы. Қазақстан Тәуелсіздігінің 11-жылы, яғни 2002 жыл - Денсаулық жылы ретінде жарияланды. Расында, да ұрпақтың келешегіне, ұлттың денсаулығына қатысты алаңдауға боларлық жағдай осы тұста қалыптасқаны да шындық. Денсаулық жылы жарияланған кезеңде денсаулық сақтау саласындағы жағдай, жасыратыны жоқ, көңiл құлазытарлықтай деңгейде едi. Мәселен, сол кездің деректеріне сүйенсек, тұрғындардың орта жасының 64 жасқа тең екендiгi, мұның ТМД елдерiнiң арасында ең төменгi көрсеткiш болып табылатыны дәлел бола алады. Елiмiзде сонымен қатар туберкулез ауруы, есiрткiқұмарлық, ана мен жалпы өлiмнiң көптiгi, бала туудың кемуi, медициналық көмекке қол жеткiзудiң қиындығы үлкен проблемаға айналған болатын. Дегенмен, қолға алынған түбегейлі шаралардың нәтижесінде Денсаулық жылының мiндеттерi дер кезiнде орындалды. Бұл ұлттың болашағы үшін атқарылған кемел істердің бастауы еді. Осы жылы атқарылған шаралардың нәтижесінде тегін медициналық көмектің кеңеюіне жол ашатын денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл кейінгі жылдары өз жемісін де берді. Сонымен қатар, 2002 жылы негізінен сан бағдарлы сыртқы саясатымыздың жетістіктері де барынша айтарлықтай оқиға ретінде орныққаны рас. Таңдамасақ та ықылым тарихтан қатар орныққан көршілес елдермен, оның ішінде де әлемнің алпауытына саналатын мемлекеттермен тең дәрежеде сөйлесіп, ықпалдастықтың ырғағын тең деңгейде ұстай алдық. Соның нәтижесінде Қазақстан мемлекеті халықаралық аренада өзінің салмақты бағыты, ұстанған жолы бар, сондай-ақ ықпалдастық пен ынтымақтың тың бастамаларын дүниеге келтірген ел ретінде танылып үлгерді. 2002 жылы БҰҰ-ның бұрынғы басшысы Кофи Аннанның Астанаға сапары да осыны айғақтаса керек. Бұл бір кездері қаһарлы кеңес одағынан мұраға қалған әлеуеті зор атом қаруынан бас тартып, жер жаһанға бейбітсүйгіш ел, татулық пен бірліктің ордасы ретінде үлгі болғанының айқын көрінісі болатын. Осы сапары барысында Коффи Аннанның Қазақстандағы татулық пен ұлттар арасындағы ынтымаққа құрметін білдіріп: «Бұл Қазақстанның жетістігі ғана емес, күллі посткеңестік елдерге үлгі боларлық жағдай» дегені де есте. БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан осы жолы «Достық» орденімен марапатталып, соның салтанатты рәсімінде «Мен Сіздердің тіліңіздегі «достық» деген сөздің мағынасын жақсы түсінемін және бүгінгі таңда Қазақстан үшін бұдан артық мәнді де өзекті тақырыпты көре алмай отырмын. Бұл - этникалық өзгешеліктеріне қарамастан, Сіздердің халықтарыңыздың арасындағы достық. Бұл «сан алуандықтағы бірлік» тұжырымдамасын іске асыру. Бұл аймақтық ынтымақтастық және жанжалды болдырмау жолымен Сіздердің көршілеріңізбен достық. Және ақырында, бұл, бейбітшілік пен дамуды қолдау ісінде Сіздердің сенімді әріптесіңіз - Біріккен Ұлттар Ұйымымен достық», - деп атап өткен болатын. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктен бергі 2002 жылға дейінгі кезеңде атқарылған істердің негізгі қорытындысы бойынша Қазақстан азат, өз тізгіні өз қолында, әлемдік қауымдастықтың теңқұқылы әріптесі ретінде таныла білді. Мәселен, халықаралық саясатта ғана емес, 2002 жылы Қазақстан экономикалық бағытта да сапалы дамуға қол жеткізді. Еуропа Одағы мен АҚШ жылдың басында Қазақстанды нарықтық экономикалы ел ретінде мойындады. Елдің экономикалық даму перспективаларына назар аударылып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құлдыраған кәсіпорындар мен ұйымдарға көмектің негізгі бағыттары да жүзеге аса бастады. Осы жылғы «Iшкi және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негiзгi бағыттары туралы» Президенттің дәстүрлі Жолдауында Елбасы Н. Назарбаев ауылға айрықша назар аударды. «Бiздiң бәрiмiз алдымен ауылға қолдау көрсету дегенiмiз кез келгендi және көрiнгендi оңды-солды мемлекеттiк қаржыландыруға келiп тiрелiп тұрмағанын мықтап ұғынып алуымыз керек. Бiз бәз баяғыдай масылдық болушылық тәжiрибесiн қайта түлете алмаймыз және олай iстемеймiз. Алдағы уақытта да адамның өзi үшiн және өзiнiң отбасы үшiн ырзығын теруiне қажеттi жағдай туғызу бағытын нысаналы жүргiзу керек, жұмыс iстей бiлетiн, өзiнiң еңбексүйгiштiгiн көрсеткен адамдарға қолдау көрсету керек. Мемлекеттiң халықтың және оның болашағының алдындағы жауапкершiлiгi де, мiне, осында жатыр», - деп атап өтті Елбасы жолдауында. Бұл ретте Президент Үкiметке ауылдық аумақтардың тұрғындарын келешегi болатындай етiп қоныстандыру үлгiсiн жасауды тапсырды. Әлеуметтiк салаға ерекше назар аударуды жүктеп, ауылға қатысты жаңа саясат маңызды орын алуға тиiстігін атады, Елбасы. Мұғалiм мәртебесiн арттыру мәселесі де Жолдауда айтылып, сол жылдың өзiнде мұғалiмдердiң жалақысы 30 пайыздан астамға ұлғайтылды. «Экономист сарапшылардың есебi бойынша шағын және орта бизнестi қоса алғанда, экономикалық өсiмнiң 25-тен 35 пайызға дейiнгi активтерi мен ресурстары астыртын айналыста жүр. Ендеше оларды нарық айналысына қосу бүкiл елiмiздiң экономикасы үшiн орасан зор тиiмдiлiк бередi. Мiне, осыған сүйенiп, шағын және орта бизнестi жан-жақты нығайта беру қажет, сол үшiн кезең-кезеңiмен: - салық ауыртпалығын азайту; - меншiк пен активтердi жария ету; - несие ресурстарына жол ашуды жеңiлдету; - әкiмшiлiк ресiмдер мен рұқсат берудi оңайлату; - бюрократиялық бейбастақтық пен бақылау-тексеру органдарынан қорғау; - шағын және орта бизнестi қолдайтын аймақтық орталықтар құру, маркетингтiк зерттеулер жүргiзуге, бiлiктiлiктi арттыруға, орталықтандырылған бухгалтерия құруға көмектесу сияқты өзектi мiндеттердi шешу қажет», - деді Елбасы Жолдауында. Сонымен қатар мемлекеттiк құрылыс пен қоғамды демократияландырудың негiзгi бағыттарына байланысты бiрқатар шаралар кешенi мақұлданды.