Тәуелсіздік шежіресі » №31 мектеп
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№31 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7(7272) 57-08-68
Есепші бөлімі:
+7(7272) 57-08-69
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Тәуелсіздік шежіресі
31
шілде
2021

Тәуелсіздік шежіресі

Тәуелсіздік шежіресі: 2000 жыл - Мәдениетті қолдау жылында мемлекет рухани жаңаруға бет алды 2016 жылғы 31 қазан 19:30Бөлісіңіз: АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 9-ы жылы - жаңа ғасыр табалдырығын жаңарған мемлекет ретінде аттады. Бұл жылы Елбасының Жарлығымен Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды. 2000 жылы атқарылған іс шын мәнінде тәуелсіз елдің мәдениет саласындағы түбегейлі жаңа сапаға көтеруге, сол арқылы отандық мәдениеттің тың тынысын ашуға септігін тигізгені айқын. Соның арқасында елдегі мәдениет мекемелерінің жүйесі кеңейіп, мәдени шаралардың дәстүрі де артты. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар еңсеріле бастағанда қазақ жұрты руханияттылыққа назар аударып, өзінің осы жолдағы кем-кетігін түзеумен болды. Жаңа ғасыр табалдырығын аттағанда бұған дейінгі экономикалық дағдарыста орын алған олқылықтарды жоюға күш жұмылып, қиын-қыстау кезеңде жабылып, құрыған мұражайларды, кітапханалар мен мәдениет сарайларын қайта ашу қолға алына бастады. Атап айтқанда, республика көлемінде 468 кітапхана, 239 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан 5 театр ашылды. Астанада Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, ҚР Президенті мәдени орталығы, ҚР Мемлекеттік мұражайы ашылып, бұл да елдің рухани-мәдени өміріне айтарлықтай сапалық өзгеріс әкелді. Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылында халықтың асыл мұрасына бетбұрыстың куәсі ретінде қазақ ауыз әдебиеті 100 томдық жинақпен, Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерінің 10 томдығы, белгілі ғұлама, академик Әлкей Марғұланның шығармалары жинағының 14 томдығы жарық көрді. Бұдан бөлек, Қостанайда - Ахмет Байтұрсынұлының, Павлодарда - Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, Атырауда - Бейбарыс Сұлтан мен күй атасы - Құрманғазының, Алматыда - Абылай ханның ескерткіштері ашылды. Осы жылы Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы өз жұмысын бастады. «Ақындар айтысы» республикалық конкурсы, «Шабыт» жастар шығармашылық фестивалі осы жылы дәстүрлі конкурстар ретінде қалыптасты. Қазақстанның Мәдениет жылындағы шаралар республикалық ауқымды ғана емес, халықаралық деңгейден де көрініс тапты. Мәселен, осы жылы тұтастай түркі жұртының бесігіне айналған шежірелі Түркістан қаласының 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар түркі мемлекеттерінің басшылары да түгелдей қатысты. Жас Қазақстанның атын да атағын да әлемге танытқан спорттағы жетістіктің негізгісі ХХVІІ Сидней Олимпиадасында көрініс тапты. Осы олимпиадада Қазақстанның Туы әлемдік додада жоғарыға көтеріліп, боксшы Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов, желаяқ қыз Ольга Шишигинаның арқасында Қазақстанның Әнұраны Сидней аспанында шырқалды. Жалпы осыған дейінгі экономикалық қиындықтар еңсеріліп, жаңа ғасырда елдік дамудың даңғыл жолына түсуі мәдениет пен білім саласын жаңғыртуға үлкен септік жасады. Республиканың мұнайдан түсетін табыстары осы кезеңде күрт көтеріле бастады. Сол кездің ресми статистикасына үңілсек, Қазақстанда 2000 жылы 35 млн. тонна шикі мұнай өндірілген. Сол жылғы экспорт көлемі 4,2 млрд. АҚШ долларына тең болды. Салыстырмалы түрде қарағанда, 1995 жылы бұл көрсеткіштер 23 млн. тонна және 0,7 млрд. АЌШ долларына тең келген еді. Расында, экономикалық дағдарыс еңсеріле бастаған осы жылы негізгі мәселе мұнайды сатудан түсетін табыстың көлемі емес, оның тұрақты өсу динамикасы болатын. Өйткені, мұндай «пайданың» үрдісі сол кездері «мұнай доллары» ауруынан туындайтын «экономиканы ентіктіру» секілді проблемаларды туындатқан болатын. Сондықтан, осындай проблемалардан құтылу үшін «қара алтынды» молынан өндіре бастаған осы жылы Қазақстанның Ұлттық мұнай қоры құрылды. «Қазақстанға мұнай долларынсыз, немесе, ел айтатындай «мұнай инесіне» дағдыланбай-ақ өмір сүруге үйрену қажет. Өндіріс таппаған ақшаны әлеуметтік салаға жұмсауға немесе жалақыны жөнсіз көтеруге әуестенбеу, оны әлде бір «қиын күндерге» сақтау өте маңызды. 2000 жылы біз құрған Ұлттық қор, атап айтқанда, осы мақсатты көздейді және жөнсіз жойымпаздық пен құнсыздану қысымын төмендетудің негізгі құралы болып табылады», - деп жазады бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында. Расында, мұнай қаржысын сауатты пайдаланып, орынды жаратқанда ғана қатерсіз даму арнасына түсуге жол ашылатынын әлемде орын алған тәжірибелердің өзі көрсетіп отыр. Ал Ұлттық қорды құру мұндай проблемаларды Қазақстаннан аулақтата түсті. Өйткені Ұлттық қордың құрылуы тәуелсіз Қазақстанның осы уақытқа дейінгі қарқынды дамуын және әлемдік дағда­рыс қыспағынан қысқа мерзімде қиналмай шығуын қамтамасыз етудегі үлкен бір арқа сүйер тірекке айналды. 2000 жыл тәуелсіз Қазақстанның халықаралық саясаттағы қадамы да нық болды. Әлем елдерінің назары Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Мыңжылдық Саммитінде болса, дәл осы жаһандық басқосуда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеп, «Қауіпсіздік және ынтымақтастық - ғаламдық және аймақтық аспектілер» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Ал осы жылғы дәстүрлі Жолдауында Президент Н. Назарбаев: «Жиырма бiрiншi ғасырдағы Қазақстан- әлемдiк экономикалық және саяси кеңiстiктiң бiр бөлiгi. Мен бұл ғасыр Қазақстанның тарихындағы ең ғажап ғасыр болады деп сенемiн. Бұл ғасыр бiздiң тарихымызға жасампаз iске толы, бейбiт өткен ғасыр болып енедi деп сенемiн. Лайым, осы ниет қабыл болғай!», - деп атап өтті. Сонымен жаңа ғасырдың алғашқы табалдырығын парақтасақ: 2000 жыл: - 25 қаңтар - ҚР Президенті Н. Назарбаев ТМД Мемлекет басшыларының саммитіне қатысты. Шара шеңберінде Н.Назарбаев және Өзбекстан басшысы И.Кәрімов халықаралық лаңкестікке қарсы күресте күштерді біріктіру қажеттігі, біртұтас үйлестіруші орталықтың құрылуы туралы ұсыныс жасады; - 3 наурыз - ҚР Президенті Н. Назарбаев Израиль Мемлекетіне ресми сапармен барды. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Израиль Мемлекетінің Президенті Эзер Вейцман салтанатты жағдайда қошеметпен қарсы алды. Мемлекет басшыларының арасындағы әңгіме барысында Э.Вейцман екі жақты қатынастардың ойдағыдай дамып келе жатқанын атап өтіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы аймақтағы тұрақтылыққа жәрдемдесіп отырған сындарлы саясатына жоғары баға берді» - деп хабарлады ҚазТАГ. - 7-11 сәуір - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Әзербайжанға ресми сапармен барып, Бакуде өткен түркі тілдес мемлекеттердің - Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия - IV саммитіне қатысты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Президент Гейдар Әлиевпен кездесті, оның барысында екі жақты ынтымақтастық келешегі талқыланып, Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты ұстанымдардың ұқсастығы айтылды. Сондай-ақ, Достық және өзара пайдалы ынтымақтастықты терең­дету туралы келісімге қол жеткізілді. Түркі тілді мемлекет басшыларының VI Баку саммитінде қауіпсіздік, ғылым, денсаулық сақтау, әдебиет және өнер, спорт, мәдениет салаларындағы байланыстарға да баса назар аударылды. Терроризм мен экстремизм, заңсыз есірткі айналымы ортақ шаралар қабылдауды қажет етеді. Мемлекет басшылары бұл тұжырымды бірауыздан қолдап, саммит соңынан Баку декларациясына қол қойды; - 15 сәуір - Қазақстанға жұмыс сапарымен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт келді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевпен кездесу барысында демократияның дамуы, экономикалық, атап айтқанда энергетикалық саладағы ынтымақтастық сияқты кең көлемді мәселелер бойынша екіжақты қатынастарды күшейту жолдары талқыланды. Елбасы Каспий энергетикалық ресурстарды экспорттау үшін құбыр жолдарының көп вариантты бағыттар саясатын қуаттады; - 20 сәуір - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Өзбекстанға жұмыс сапары болды. Президент Н.Назарбаев пен Президент И.Кәрімовтің кездесуі барысында екіжақты сауда-экономикалық байланыс мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Ташкентте Президенттер Н.Назарбаев, Э.Рахмонов, А.Ақаев және И.Кәрімов лаңкестік, саяси және діни экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және де тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басқа да қауіптерімен күресуде бірлескен қимылдар туралы шартқа қол қойды; - 26 сәуір - Давос қамқорлығымен Алматыда Еуразиялық экономикалық форум ашылды. Мемлекеттер басшылары еуразиялық аймақ дамуының мәселелерін, оның мүмкіндіктері мен қиындықтарын, инвесторларға тартымдылық және әлемдік аренадағы рөлі талқыланды. Бұл шарада әлемнің 37 елінен 500-дей саяси көшбасшы, алдыңғы қатарлы кәсіпкер және халық­аралық сарапшылар қатысты; - 10-11 мамыр - Қазақстанға мемлекеттік сапармен Литва Республикасының Президенті В.Адамкус келді. Мейман мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қабылдауында болды; - 23 мамыр - Минскіде Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Тәжікстан мемлекеті басшыла­рының саммиті өтті. Онда Кеден одағының қатысушы мемлекеттер басшылары интеграциялық үрдістердің одан әрі дамуының негізгі бағыттары белгіленді; - 13 маусым - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Тәжікстан Республикасына ресми сапары болды. Екі мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастық, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылады; - 18-20 маусым - ҚР Президентінің Ресейге ресми сапары шеңберінде Н.Ә.Назарбаевтың В.В.Путинмен кездесуі болды. Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында «Байқоңыр» кешенінің қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге және меморандумға қол қойды. Екі көршілес елдердің басшылары сауда-экономикалық, мұнай-газ, энергетикалық, ғарыштық, әскери-техникалық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды дамытуға қосымша серпін беруге бекем бел байлағандықтарын мәлімдеді. Тараптар көмірсутегі шикізатын тасымалдау саласындағы ынтымақтастыққа қанағаттанушылық білдірді, КТК-ны уақтылы пайдалануға берудің маңыздылығын атап көрсетіп, Ресейдің құбыр желілерінің жүйесі бойынша экспортқа шығарылатын қазақстандық мұнай транзитінің квотасын 14 млн. тоннаға дейін ұлғайту туралы уағдаластық қуатталды. «2000 жылғы маусымда Мәскеуге Н.Назарбаев келді. Ресей жағы бұл сапарға мемлекеттік мәртебе берді. Қазақстан Басшысын бірінші рет Кремль апартаментіне орналастырды. Бұл сапардың маңызын одан да арттыра түсу үшін ресейліктер президенттердің бейресми кездесуін өткізді. Бұл кездесу Мәскеу маңындағы мейрамханалардың бірінде өтті, және де ондағы жай келушілерге мұнда екі мемлекеттің мәртебелі басшылары келетіні ескертілген де жоқ. Н.Назарбаев пен В.Путиннің келуі мейрамхананы дүр сілкіндірді. Ал президенттер болса көпшілікке арналған залда отырып алып, емін-еркін әңгімеге кірісті. Егер күзет қызметкерлері мен еріп келген адамдар болмаса, оларды жұрттың байқамай қалуы да мүмкін еді. Ал келесі күні Н.Назарбаев зайыбымен В.Путиннің үйінде болып, отбасылық жағдайда таңертеңгілік ас ішті. Мұндай шаралар жөнінде бұрын тіпті, әңгіме болуы да мүмкін емес еді. В.Путин үшін араласудың мұндай түрі әдетке айналды. Ол Мәскеу мейрамханасының бірінде ГФР-дің канцлері Г.Шредермен түстік ішсе, Испания премьер-министрі М.Аснарды тіпті үйіне қондырып шығарған. Алайда, мұның бәрі Н.Назарбаевпен бейресми кездесуден кейін. Кім біледі, В.Путин Қазақстан басшысы сапары кезінде Ресей дипломатиясының жаңа үрдісін сынаудан өткізіп жүрген болар. Қалай дегенмен де әйтеуір, бұл істің алғашқы ізашары Н.Назарбаев болғаны анық. Н.Назарбаев пен В.Путиннің бір-біріне сеніскен жеке қарым-қатынастары дәл сол жолы қалыптасты деп айтуға болады. Бұл жерде Ресей президентінің кісілігіне лайықты бағасын берген жөн. Ол Қазақстан Президентінен көп нәрсе үйренуге болатын тәжірибесі мол жолдас деп есептейтінін көпшілік алдында айтып салудан қаймыққан жоқ», - деп жазады Қасым-ЖомартТоқаев, «Беласу» атты кітабында. - 26 маусым - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Бельгия және Брюссельдегі Еуропалық комиссияның штаб-пәтерінде болды. Елбасы ЕК Президенті Р.Продимен кездесті; - 27 маусым - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Францияға ресми сапармен барды. Француз басшысымен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, сонымен қатар халықаралық және аймақтық мәселелердің кең көлемі талқыланды; - 4 шілде - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Астанада НАТО-ның Бас хатшысы лорд Дж.Робертсонмен кездесті. Келіссөздерде ҚР мен НАТО арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасын іске асыру жайттары қарастырылды; - 5 шілде - Душанбеде «Шанхай бестігі» Мемлекеттер басшыларының бесінші саммиті өтті. Форум жұмысына алғашқы рет Тәжікстан Президенті Э.Рахмонның шақыруымен Өзбекстан Президенті И.Каримов қатысты. Қабылданған Душанбе Декларациясында тараптардың «Шанхай бестігін» әртүрлі салалардағы көп жақты ынтымақтастықтың аймақтық кұрылымына айналдыру талпынысы қуатталды; - 18 тамыз - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ТМД Мемлекет Басшыларының бейресми кездесуіне Ялтаға келді. Саммит қатысушылары Орталық Азиядағы және Тәжікстанның таулы шекараларындағы жағдайды талқылады; - 20 тамыз - Бішкекте Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Ресей Президентінің Арнайы өкілі, РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы С.Ивановтың кездесуі болды; - 23 тамыз - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. «Ұлттық қор құру туралы идея алғашында 1997 жылдың өзінде-ақ, «Қазақстан стратегиясы - 2030» дайындалып жатқан кезде пайда болған еді. Ол кезде халықаралық кеңесшілердің, отандық басқарушылардың және экономистердің көбіне бұл идея сандырақ сияқты болып көрінді. Сонымен қатар, ақырында оны халыққа жариялағаннан кейін, біраз уақыт өткен соң, 1998 жылы тамызда Ресейді дағдарысқа ұшыратқан мұнай бағасы­ның опырыла құлауы себеп болды. Сондықтан, біз Ұлттық қорды құру мәселесіне тек 2000 жылы ғана қайтып келе алдық», - деп жазды Н. Назарбаев. «Қазақстан жолы» атты кітабында. - 4 қыркүйек - ҚР Президенті Лондонға сапар жасап, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Ж.Лемьермен, «BAE Systems» аэроғарыш компаниясының директоры Дж.Вестонмен және Ұлыбританияның экс-премьері М.Тэтчермен кездесті; - 6 қыркүйек - Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-ші сессиясы шеңберінде Мыңжылдық саммиті ашылып, Елбасы «Қауіпсіздік және ынтымақтастық - ғаламдық және аймақтық аспектілер» баядамасын жасады; - 9 қазан - Қазақстанға алғашқы ресми сапармен Ресей Федерациясының Президенті В.Путин келді. Аталған сапар шеңберінде екіжақты ынтымақтастық мәселелерінің бірқатары талқыланып, Қазақстан Республикасының Астраханда консульдығын және Ресей Федерациясының Оралда консульдығын ашу туралы келісімге қол қойылды; - 10 қазан - Астанада Кеден одағының қатысушы мемлекеттері басшылары Еуразиялық Экономикалық Қауымдастықты (ЕурАзЭҚ) құру туралы мәлімдеме және шартқа қол қойды; - 19 қазан - Қазақстанға ресми сапармен Түркия Республикасының Президенті Ахмет Неджет Сезер келді. Кездесу барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды; - 25 қазан - ҚР Президентінің Данияға ресми сапары болды. Сапар шеңберінде Елбасы Дания Королевасы Маргарет II және Дания Премьер-Министрі Поль Рамусенмен кездесті; - 30 қазан - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Испанияға ресми сапары болды. Сапар кезінде біздің Мемлекет басшысы Испанияның Үкімет Төрағасы Хосе Мария Азнармен және іскер топтармен кездесті. Сапар нәтижесінде тараптар түрлі салалардағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін қуаттады. Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім және 2000-2003 жылдарға арналған білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы секілді маңызды құжаттарға қол қойылды. «Тальго» компаниясының жүрдек жолаушы пойыздарын пайдаланып, «Алматы - Астана желісі бойынша жүр­дек пойыздардың жүрісін 12-14 сағатқа дейін қысқарту», «Астана қаласының тұрмыстық қалдықтарын алысқа төгуді және экологиялық ахуалын жақсартуды жаңғырту» жобалары үшін мемлекеттік емес заемдарды тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізу сапардың нақты нәтижесі болды; - 6 қараша - Президент Н.Ә.Назарбаев Пәкістан Ислам Республикасы атқарушы билігінің басшысы Первез Мушарафпен кездесті. Кездесу барысында екі Мемлекет басшылары екі жақты қатынастардың және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ОЭС) шеңберінде аймақтық ынтымақтастықтың маңызды аспектілерін талқылады; - 15-16 қараша - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлыбританияға ресми сапары болды. Мемлекет басшысы Ұлыбритания Ханшайымы Елизавета II және Премьер-Министр Тони Блэрмен кездесті. Сапар барысында Королева Елизавета ІІ Н.Назарбаевты Қазақстанда саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, заңдылық пен демократияны орнатуға, сондай-ақ, жаһандық ауқымда ядролық қаруды таратпау ісіне сіңірген еңбегі үшін Біріккен Корольдіктің жоғары наградасы Қасиетті Михаил және Қасиетті Георгий орденімен марапаттады.

Похожие публикации: