Тәуелсіздік шежіресі » №31 мектеп
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№31 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7(7272) 57-08-68
Есепші бөлімі:
+7(7272) 57-08-69
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Тәуелсіздік шежіресі
30
шілде
2021

Тәуелсіздік шежіресі

Тәуелсіздік шежіресі: 1999 жыл - Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының жылы 2016 жылғы 29 қазан 17:08Бөлісіңіз: АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қиындықтар артта қалып, ел етек-жеңін жинай бастаған 1997-1998-1999 жылдары, яғни үш жыл қатарынан тарихи танымға айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, 1997 жыл - «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» аталса, 1999 жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланды. Яғни, ұлттың тарихи танымына мемлекеттік мән беріле бастады. Шын мәнінде ел теуелсіздігі нығайып, алдағы даму реформаларын сәтті жүргізудің бірден-бір кепілі - ұлт бірлігі мен қоғамдық келісім. Ал ұлттық, ұлтаралық тұтастықты сақтау ұрпақтардың өзара ықпалдастығын тиімді үйлестіретіні сөзсіз. Үш жылдың қатарынан ұлттық тарихи танымды жаңғыртуға арналуында не мән бар еді? Бұның мәнісі тәуелсіздікті нығайту. Расында бұндай тәуелсіздікті аңсап нелер қазақ өмірден озды, қолдары жете алмады. Ал қолға тиген тәуелсіздікті нық ұстау көзі тірі ұрпақтың ең зор борышы. Сондықтан да ұрпақтар бірлігі туралы айтылғанда, тарихи қатпарлардағы бабалар мұратына сабақтасудың жолын қамту да маңызды саналады. Бұл ретте ХХ ғасыр басындағы алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген болатын. Ендеше өткенге бойлап, кешегі тарихты білмей тұрып, болашаққа байыппен бару да мүмкін болмайтыны анық. Атаулы жыл турасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылын өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мәжілісінде былай деген болатын: «Сонымен, міне, жаңа ғасыр қарсаңында «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылының» шараларын күллі қауым болып қолға алмақшымыз. Атаулы жылды өткізу жөнінде Мемлекеттік комиссия құрамына ену құрметіне ие болып отырған сіздердің біразыңыз бұған дейін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылын» және «Ұлттық тарих жылын» өткізу жөніндегі Комиссиялар жұмысына қатыстыңыздар. Сол екі жылда атқарылған шаруа, жинақталған тәжірибе бұл істе де қажетке жарап, өз пайдасын тигізбек. Өйткені, бұл жолы да бұрынғыдай біз тарихи зердені, тарихи ой-сананы тереңдетуді, ХХ-шы ғасырдың интеллектуалдық құндылықтарын тыңғылықты пайымдауды, аға ұрпаққа қамқорлықты күшейтуді, жұртшылықты қоғамның бірлігін нығайту мен жас ұрпақ тәрбиесіне белсенділікпен жұмылдыруды, сол арқылы бұдан арғы дамуымыздың жалпыұлттық қағидалары мен стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға баршамыз болып атсалысуды көздеп отырмыз. Бұл ниет Республика Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген жылды өткізу жөніндегі шаралардан да айқын көрініп тұр. Аға ұрпақ өнегесі - өтіп бара жатқан ғасырдың рухани мұрасы. Бүгінгі буын - келер жүзжылдықта өмір сүріп, елімізді өркениетке жеткізер ұлы жолдағы жасампаз ұрпақ. Сол ұрпақтардың бірлігі мен сабақтастығы қос ғасыр тоғысындағы қоғамдық ахуалымыздың ойдағыдай сауығып, жаңа ізденістеріміздің жемісті жүзеге асуының бірден бір кепілі. Осы жолдағы талабымыз оңғарылып, алдымыздан ақ күн туа бергей. Іске сәт!». Расында, енгемен қазақ үшін ғасыр аяғы рухани толысқан жыл болды. Тарихты түгендеуге күш салынып, ақтаңдақтар ақиқаты аршыла бастады. Сол жылы 6 томдық «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» І-ші томы, М. Шоқай шығармаларының екі томдығы және Қытай мұрағаттары негізінде Қазақ тарихына арналған 5 кітабы жарық көрді. Бұл жас тәуелсіз мемлекеттің рухани тұрғысынан түлеуінің белгілері еді. Халқымыздың көне қаһармандық эпосы «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция өтіп, М. Хайдар Дулатидің 500 жылдығына арналған мерейтой қарсаңында «Тарих-и-Рашиди» шығармасы қазақ тілінде басылып шықты. Сонымен қатар, 1999 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасып, 19 144 жазықсыз жапа шеккен адамның есімі ардақталды. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің 8-інші жылы тәуелсіз жұрт рухани кемелдене түсті. Ал еліміздің саяси ахуалына келсек, 1999 жылдың басты оқиғасы Президент сайлауы еді. Елімізде тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен сайлауда халық басым дауыспен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлады. Қазақстанның қоғамдық саяси өмірі шынымен де жаңғыра түсті. Осы жылы елімізде 14 саяси партия, 30-ға жуық саяси қозғалыстар мен бірлестіктер жұмыс істеді. Күзде ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауы өтті. Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы да жағымды бола бастады. Мәселен, сол жылдардың статистикасына көз жүгіртсек, 1999 жылы астық өндіру 1998 жылмен салыстырғанда 2,1 есе артып, 15,9 млн. тонна бидай алынды. 1999 жылдың сәуірінде екінші деңгейдегі банктердегі халықтың салымдары 348 млн. теңгені құрады. 1999 жылы елімізде 86 мыңға тарта шаруашылық құрылымдары, соның ішінде 2140 серіктестік, 509 акционерлік қоғам, 2909 өндірістік кооператив және 79 мыңнан астам фермерлік қожалық жұмыс істеді.